Сұрақ қою
Медициналық техниканың лизингі

«Саламатты Қазақстан» бағдарламасы басталғалы елімізде медицина саласына айрықша көңіл бөлініп отырғаны белгілі. 2010 жылдың 23 қарашасында Мемлекеттік бағдарлама бойынша «КазМедТех» АҚ құрылған еді. Оның акционері Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі болып отыр. Басты мақсаты мемлекеттік және жеке меншік мекемелерді лизинг шарты негізінде қазіргі заманға сай жаңа медициналық техникалармен жабдықтау және оларға қызмет көрсету. Осы бес жылдан астам уақытта мекеме 160-қа тарта денсаулық сақтау ұйымын 500-ге тарта техникамен қамтамасыз еткен. Біз алдағы медицина қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында, акционерлік қоғам төрағасының орынбасары Руслан Нұрмұхановпен кездесіп, сұхбат алған едік.

Руслан Амантайұлы, сізді алдағы кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын. Өзіңіз көптеген жылдар бойы дәрігер ретінде қызмет жасадыңыз, алайда сіз жұмыс жасаған 2000 жылдарға дейін бұл саланың елімізде енді аяққа тұра бастағаны ешкімге жасырын емес. Сол жылдары қазіргідей озық технологиялар ақ халаттылар үшін таңсық еді, өткенге көз жүгіртіп өтсеңіз ...

- Сіз дұрыс айтасыз, шын мәнінде сол жылдары ескі ауруханалар мен мүмкіндіктері аз медициналық техникалар мен мамандардың жетіспеушілігі осы саланың дамуына кері әсерін тигізген еді. Ал, қазір мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар қабылданып жүзеге асырылып жатыр, жаңа ауруханалар салынып, озық технологиялармен жабдықталуда. Осының барлығы денсаулық сақтау саласының дамуын, өркендеуін көрсетеді.

Жалпы халықаралық тәжірибеге сүйенсек, бұл сала басқа мемлекеттерде қалай дамып жатыр?

- Бүгінгі таңда халықаралық деңгейде лизинг саласы қарқынды түрде дамып келеді. Ірі лизинг орталықтары АҚШ пен Батыс Еуропа және Жапония елдері екені белгілі. Шетелде осы жұмыспен коммерциялық банктер емес, арнайы мекемелер айналысады. Сонымен қатар, мұндай компанияларға лизингтік саланы одан әрі дамыту үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылғанын айта кеткен жөн.

Ал, өңірлерімізде орналасқан медицина мекемелері лизинг шарты негізінде техниканы сатып алуға қаншалықты қызғушылық танытуда?

- Егер аймақтар туралы айтар болсақ, қызғушылық әр өңірде әр түрлі. Осы ретте белсенділік танытып отырған Павлодар облысы екенін ерекше атап өткім келеді, өңірде 70-тен астам техника алуға қатысты 10-нан астам мекемемен қаржылық лизинг шартына қол қойылған. Ал, Атырау облысы аса қызығушылық танытпай отыр, облыста тек 5 мекеме 5 техниканы лизингке алған.

Әсіресе қандай медициналық техникаларға қызығушылық артып отыр?

- Акционерлік қоғамның 5 жылғы жұмысы аясында лизингке алынған 500-ге жуық медициналық техниканың ішінде 164 - анестезия мен жан сақтауға және жасанды демалуға арналған құралдар. Сонымен қатар, хирургиялық жұмыстарға арналған жабдықтарға жоғары сұраныс бар, осы уақыт аралығында бұл сала үшін 100-ден астам техника алынған. Лизингке алынған құралдардың 80 күн диагностикасы мен терапиясына қатысты. Алайда денсаулық сақтау мекемелері көз емдеуге қатысты жабдықтарға аса қызығушылық танытпаған, осы уақыт аралығында бұл салаға арналған 4 құрал ғана алынған.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жанынан құрылған мекемелеріңіз 5 жылдың ішінде қандай көрсеткіштерге жетті?

- Акционерлік қоғам құрылғаннан бері 5 жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта біз 160-қа жуық мекемеге 500-ге трата медициналық техниканы лизинг шарты негізінде алып бердік. Келісімге сай біздің қаржымызға техника сатып алынады, денсаулық сақтау ұйымдары оны 5 жыл мерзімге 5% мөлшерлемемен алып, ай сайын ақылы қызмет көрсетулерінің нәтижесі бойынша берешек соманы біртіндеп қайтарып отырады. Бұл барлық денсаулық сақтау ұйымдары үшін тиімді талап.

Сіздердің мекемелеріңіз алға қандай мақсаттар қойып отыр?

- Біздің мақсатымыз алдағы жылдары лизинг арқылы медициналық техника сатып алғысы келетін денсаулық сақтау мекемелерін тарту жұмыстарын белсенді ету болып табылады. Ал, 2018 жылға қарай бәсекеге қабілетті және қарқынды түрде дамып жатқан лизингтік компания ретінде қалыптасқымыз келеді. Ол үшін өзіміз үшін стратегиялық бағыттарымызды айқындап алдық.

Сұхбатыңызға рахмет, жоспарларыңызды орындалуын тілейміз!

Әңгімелескен – Жанкелді Қаржан

источник


Тізімге қайта оралу

Загрузка